Алматыда кейінгі рет сейсмикалық тексеру 2024 жылы жүргізілген. Мамандар тұрғын үйлердің, мектептердің, балабақшалар мен ауруханалардың жер сілкінісіне қаншалық төзімді екенін анықтаған. Тексеруден кейін әр ғимаратқа техникалық жағдайы туралы мәліметтер қамтылған электрон паспорт жасалды. Солардың арасында сіз тұратын үй де болуы мүмкін. Үйіңіз қаншалық қауіпсіз екенін қайдан және қалай білуге болатынын түсіндіреміз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыдағы 2,5 мың көпқабатты үй жер сілкінісіне төзімсіз
Алматыда ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі бірнеше кезеңмен тексерілген. Алғашқы кезең 2017–2018 жылдары өтті. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мәліметінше, сол уақытта қаладағы 10 525 ғимарат тексерілген. Оның ішінде:
- көппәтерлі тұрғын үйлер (КПҮ) - 8 176;
- қоғамдық-азаматтық ғимараттар - 2 349.
Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының Tengri Home басылымына берген мәліметінше, тексерілген ғимараттардың 3 101-і жер сілкінісіне төзімсіз деп танылған. Олардың қатарында:
- көпқабатты үйлер - 2 538;
- қоғамдық-азаматтық ғимараттар - 743.
Екінші кезең 2023-2024 жылдарды қамтыды. Бұл кезеңде 10 916 құрылыс нысанына мониторинг жасалды: 1 641 үй және 9 275 азаматтық нысан.
"Тексерілген нысандардың 9 080-і техникалық талаптарға сай келеді. Олардың ішінде 1 641 көппәтерлі тұрғын үй және 7 439 қоғамдық және азаматтық ғимарат бар", - деп түсіндірді басқармадағылар.
Тексерілген үйлердің ішінде 1 590-ы берік деп танылды, ал 51 нысан, керісінше, жер сілкінісіне шыдамауы мүмкін. Олар ескі тұрғын үйлер санатына жатқызылды. Бұл нысандардың барлығы қаланың Алмалы, Бостандық, Медеу, Түрксіб және Жетісу аудандарында орналасқан. Олар:
- 1930–1995 жылдары салынған, қабаты 1-ден 3-ке дейінгі 39 кірпіш үй;
- 1921–1962 жылдары бой көтерген, қабаты 1-ден 2-ге дейінгі 11 қаңқалы-қамысты үй;
- 1940 жылы салынған 1 монолитті үй, ол үш қабатты.
Мемлекеттік органдар БАҚ-тың сауалына сәйкес сейсмотөзімді емес деп танылған көпқабатты үйлердің мекенжайларын ұсынбады.
Сейсмоаудит тағы жүргізіле ме?
Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін тексеру жұмыстары толық аяқталған.
Келісімшарт бойынша бұл жұмыстар 2024 жылғы 20 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс болған. Тексеру қорытындылары Алматы қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасына жолданған.
Үйлердің электрон паспорты: ғимараттың жағдайын қайдан білуге болады?
Сейсмикалық тексеруден өткен әр ғимаратқа электрон паспорт жасалған. Онда техникалық тексеру нәтижелері, ғимараттың негізгі сипаттамалары мен жер сілкінісіне төзімділігі туралы мәліметтер қамтылған.
Сіз тұратын үй де мұндай тексеруден өткен болуы мүмкін. Оның нәтижесін білу үшін Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы бақылауы басқармасына жүгінуге болады.
Мекеме мәліметтерді тек жеке өтініш негізінде және нақты ғимарат бойынша ұсынады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz