Алматыда үсті қанға боялған адам жұртты шошытқан

Алматы полициясының жедел басқару орталығына суық хабар түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлер Алатау ауданындағы Шаңырақ-2 шағынауданында үсті қанға боялған ер адам жүргенін хабарлаған. Оның бір қолында пышақ, екінші қолында кірпіш болған.

Патрульдік полиция экипажы оқиға орнына санаулы минут ішінде жеткен. Ақпарат расталып, ер адам ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқаны анықталған.

"Полицейлер дәрігерлер келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуін тоқтатты. Кейін зардап шеккен адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша ер адам мас күйде болған. Оның айтуынша, туған күнін атап өту кезінде дастархан басында жанжал туындап, ол төбелеске ұласып, соның салдарынан жарақат алған", - деп жазылған хабарламада.

Қазір Алатау аудандық полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және жанжалға қатысушыларды анықтап жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!