Болмашы жарақаты үшін "ауруханаға апар" деп айқай шығарған. Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пәтеріне қамап қойып, балағаттап, қол көтерген үш адам әкімшілік жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Тәртіп сақшылары ұрып-соғып, ішімдік ішіп, тыныштықты бұзып, тіркеусіз тұрып жатқан үш азаматқа қатысты шара қолданды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Дәрігерлерді пәтеріне қамап, білгенін істеген үш мас тәлтіреңдеп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Кейін мас әйел жедел жәрдем қызметкерін жұдырықтай жөнеліпті. Негізі 103-ке "қолым ауырып жатыр" деп пәтердегі ер адамның бірі телефон соққан. Тексеруге келген мамандар жарақаттың болмашы екенін байқап, үйінен емделуге кеңес береді. Алайда науқастың араққа сылқия тойып алған әйелі ауруханаға апаруын талап еткен. Төбелес осыдан кейін басталып отыр.
Дәрігерлер мұндай оқиғалардың жиі болатынын айтады. Екі-үш жылдың ішінде алматылық фельдшерлерге 30-дан аса шабуыл жасалыпты. Бірақ бұзақылардың басым бөлігі дәлел болмаған соң жазадан құтылып кеткен. Өйткені сала мамандары әлі күнге дейін видеоға түсіретін құралмен қамтылмаған.
"ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №225 бұйрығы бойынша жедел жәрдем қызметкерлері видео жетонмен қамтамасыз етілуге тиіс. Қазір осы процесс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер бұл толық шешімін тапса, осындай жағдайлар, яғни бейәдеп сөз, дөрекілік, күш көрсетулер 50 пайыздан жоғары жойылады деген сенімдеміз", - дейді Алматы медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Шайхидин Бәдіров.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!