• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Алматыда ұлттық университеттің мүлкі қалай жеке қолға өтіп кеткені белгілі болды

Алматыда ұлттық университеттің мүлкі қалай жеке қолға өтіп кеткені белгілі болды
Фото: kaznaru.edu.kz

Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әділдікті қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдарды жауапқа тарту қажет екенін жеткізді.

"Екі мыңыншы жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының меншігі талан-таражға түсті. Университеттің 3 жатақханасы, 5 лабораториялық ірі нысаны және 6 гектар жері белгісіз бір себептермен жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық тұрғаны анық. Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер екінші, үшінші, төртінші қолға өтіп кетті. Соған қарамастан әділдік қалпына келуі керек. Балаларымыздың аузынан жырып алынған барлық ырыздықты қайтаруымыз қажет", – деді Ерлан Саиров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сотқа дейінгі тергеу қызметі басшысының орынбасары Қуандық Рашит университет нысандарын жеке қолға беруге қатысты заңбұзушылық деректеріне тоқталды. 

"Агенттік былтырдан бері осы оқу ордасының мүліктерін жеке тұлғаларға сату деректері бойынша тергеу жүргізіп келеді. Қазір тиісті сараптамалар жасалып жатыр. Құзыретті органдардың мамандарымен бірге бұл меншіктер жеке тұлғаларға қандай жолмен беріліп, нендей заң бұзушылықжасалғаны тексеріліп жатыр", – деді Қуандық Рашит.

Алматы қаласының басқарма прокуроры Азат Тұрғанбек бұл білім ордасындағы заңсыз әрекеттерді анықтау жұмысына тоқталды.

"Кейінгі екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни 2023 жылы Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес Алматы қаласының прокуратурасы осы университетте тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде білім ордасына тиесілі жылжымайтын мүліктерді заңсыз иеліктен шығару деректері анықталды. Біз бұл деректі арнайы есепке алу кітапшасына тіркедік. Кейін осы іс бойынша ары қарай тексеріс жүргізіліп, процестік шешім қабылдау үшін құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жолданды. Бүгінде "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Азат Тұрғанбек.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Агрономия, селекция, биотехнология кафедрасының профессоры Тастанбек Атақұлов бір кездері осы білім ордасында болған заңсыздықтарды айтты. 

"1967 жылы осы білім ордасының қабырғасын алғаш студент болып аттаған едім. Сол уақыттан бері бұл қара шаңырақтан бір елі ажыраған жоқпын. Табан аудармай азды-көпті 58 жыл еңбек етіп келемін. Бүгін айтылып жатқан барлық заңсыз әрекет көз алдымда жасалды. Бәрін білемін. Алайда бізбен ешкім ақылдасып жатқан жоқ. Қолдан келер қайран болмады. Біртіндеп оқу корпусымыздан да, жатақханамыздан да айрыла бастадық. Жеке адамдардың еншісінде кетті. Бір кездері Сәтбаев, Фурманов (қазіргі Назарбаев), Абай, Красина (қазіргі Уәлиханов) көшелері қиылысатын тұстағы шаршы жер толық Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне тиесілі еді. Бір емес, екі бірдей дене шынықтыру залымыз болды. Соның бәрі біртіндеп жеке адамдардың иелігіне өтті", – деді Тастанбек Атақұлов.

Айта кетейік, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті - 96 жылдық тарихы бар, ауыл шаруашылығы саласына қажет мамандар даярлайтын білім ордасы. Университет аграрлық саладағы білім мен ғылымның көшбасшысы саналады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget