Алматыда туристерден ақша бопсалаған таксист қамауға алынды

Алматыда туристерден ақша бопсалаған таксист қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты такси жүргізушісінің ісін қарады. 

"Сот М-нің бұрын ӘҚ Кодексінің 449 б. бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады, М. 2023 жылғы 21 мамырда Алматыдағы халықаралық әуежайдың аумағында қоғамдық тәртіпті бұза отырып, Үндістан азаматы V-ға тасымалдау қызметтерін көрсету мақсатында оның мазасын алған. Сот отырысында М. жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайын растап, кінәсін мойындады және жасаған кінәсіне өкінетінін мәлімдеді. Сот әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін айқындау кезінде әдептілік қағидаларын елемеу, айналасындағыларға құрметсіздік таныту, жол берілмейтін іс-әрекет, яғни азаматтардың мазасын алу секілді куәландырылған құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын назарға алды", - деп хабарлады Алматы соты.

Сот қаулысы бойынша такси жүргізушісі әкімшілік құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

"Сот оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін үндістандық туристерді бопсалап 800 АҚШ долларын алған алмытылық такси жүргізушісі туралы жазған едік. 21 мамырда Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үндістаннан келген туристерді отырғызып, "қонақ үйге дейін 1 мың теңгеге апарып тастаймын" деген. Межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған, бермеген жағдайда "сөмкелерді қайтармаймын" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған. Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірген.

Алматылық таксист үндістандық туристерден бопсалап алған 800 долларды қайтарып бергені белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!