Алматының Алатау ауданына қарасты Боралдай шағынауданында тұрғындардың демалуына арналған қоғамдық орын ашылды. Азат көшесіндегі 23-үйдің маңында орналасқан сквер "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жаңартылып, көркейе түсті, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.
Жаңарған қоғамдық орын әр жастағы тұрғындардың қажеттілігі ескеріле отырып жасақталған. Сквер аумағына күркелер мен орындықтар орнатылып, тынығып отыруға арналған арнайы аймақ қарастырылған. Көгал төселіп, аумақты кешкі уақытта қауіпсіз әрі жайлы пайдалану үшін жарықтандыру жүйесі жүргізілген.
Көгалдандыру жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Биыл күзде сквер аумағына биіктігі 3-4 метр болатын шыршалар отырғызу жоспарланып отыр. Қылқан жапырақты ағаштар жаңа қоғамдық кеңістіктің көркін арттырып қана қоймай, шағынаудандағы жасыл желек көлемін көбейтуге мүмкіндік береді.
Жаңарған сквер Боралдай тұрғындарының таза ауада серуендеп, отбасымен бірге уақыт өткізуіне және көршілердің өзара араласуына арналған жайлы орынға айналмақ. Мұндай шағын қоғамдық орындар тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартып, шағынауданның келбетін жаңартуға ықпал етері анық.
"Халық қатысатын бюджет" деген не?
"Халық қатысатын бюджет" – тұрғындарға қала бюджетінің белгілі бір бөлігін қандай абаттандыру жобаларына жұмсау керегін ұсынуға және таңдауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Оның басты ерекшелігі – қалалық ортаны дамытуға қатысты бастамалардың жоғарыдан ғана емес, сол аумақта тұратын азаматтардың өзінен түсуі.
Бағдарлама Алматыда алғаш рет 2019 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Оның мақсаты – тұрғындардың ұсыныстары негізінде қала аудандарындағы аулаларды, саябақтарды, скверлерді және өзге де қоғамдық аумақтарды дамыту. Қала тұрғыны өзі тұратын аудандағы мәселені байқаса, оны шешуге арналған жобасын ұсына алады. Мысалы, балалар немесе спорт алаңын салу, саябақ пен скверді көркейту, көше жарығын орнату, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, аумақты көгалдандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою жөнінде бастама көтеруге болады.
Ұсынылатын жоба жалпыға ортақ пайдалануға арналуы, аудан тұрғындары үшін өзекті болуы және жеке коммерциялық мақсатты көздемеуі керек. Яғни бағдарлама бір адамның немесе жеке ұйымның емес, көпшіліктің игілігіне қызмет ететін бастамаларды қолдауға бағытталған.
Алатау ауданында 43 жоба жүзеге асырылып жатыр
2026 жылы Алматының Алатау ауданында "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша абаттандыруға бағытталған 43 жоба жүзеге асырылып жатыр. Боралдай шағынауданындағы жаңа сквер – тұрғындар ұсынған бастамалардың нақты нәтижеге айналғанының бір мысалы.
Бағдарлама қалалықтарды тек дайын инфрақұрылымды пайдаланушы ретінде емес, өз ауданының дамуына ықпал ететін белсенді тұрғын ретінде танытады. Азаматтар қандай аумақты көркейту қажет екенін ұсынып, дауыс беру арқылы басым жобаларды таңдауға қатысады.
Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімі, дауыс беру кезеңі және іріктеу нәтижелері "Халық қатысатын бюджет" порталында жарияланады.
Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал