Алматыда түн ішінде өрт шықты: бір адам қаза тауып, төрт адам зардап шекті

Алматыда түн ішінде өрт шықты: бір адам қаза тауып, төрт адам зардап шекті
Фото: Tengrinews.kz

Кеше Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі тұрғын үй кешенінде шыққан өрттің мән-жайы белгілі болды. Оқиға салдарынан бір әйел қаза тауып, тағы төрт адам ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өрт туралы хабарлама 13 қабатты тұрғын үй кешенінен 101 пультіне 23 тамызда сағат 22:49-да түскен. Алғашқы бөлімшелер оқиға орнына бес минут ішінде жеткен.

ТЖД мәліметінше, өрт техникалық бөлмеден және екінші кіреберістің қабаттарынан шыққан. Сондай-ақ, бірінші кіреберістің 7-қабатынан 13-қабатына дейінгі электр қалқандары өртенген.

"148 адам, соның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген дәрігерлер жасаған жансақтау шараларына қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады", - деді ТЖД өкілі.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның 90-ға жуық қызметкері мен 25 техникасы жұмылдырылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget