Алматыда полицейлер ауқымды тексеріс жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаланың Полиция департаменті мәліметінше, Наурызбай ауданындағы Жүнісов көшесінде орналасқан "Алма Сити" тұрғын үй кешені тексерілген. 10 көпқабатты үй мен 360 пәтер тексеріліп, ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған адамдардың тұрғылықты жері бойынша рейд өткізілген.
Тіркелген мекенжайлары бойынша шетел азаматтары мен азаматтық қару иелері де тексеріліп, қаруды сақтау талаптарына бақылау жүргізілген. Тіркелген мекенжайы бойынша тұрмағаны үшін 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған, сондай-ақ, күдік тудырған адамдар полиция бөліміне жеткізілген.
"Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты - құқықбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл кешенді тәсіл қатерді дер кезінде анықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Алматы қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!