Алматы қаласының Алатау ауданындағы Алғабас шағынауданында жаңадан салынған жол қайта бұзылған. Жаңа жолдың төселгеніне небәрі бір ай ғана болған, бірақ мердігерлер су құбыры мен кәріз жүйесін жүргізу үшін оны қайтадан қазып тастаған. Бұл жағдай тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. Істің анық-қанығын Massaget.kz тілшісі біліп қайтты.
Аталмыш жаңалық әлеуметтік желіде жылт етті. Бірақ жылт етті де жоқ болды. Ақпаратпен бөліскен Санжар Боқаевтың парақшасы күтпеген жерден осы бейнеден кейін бұғатталды. Көпшілік бұл мәселенің назардан тыс қалуынан қорқады.
Мәселеге қатысты Алғабасқа барып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Ауданның басты көшелерінде жол шынымен тегіс болғанымен, әр 10 метр сайын баллондармен белгіленген шұңқырлар көзге түсті. Бұл шұңқырлар жүргізушілер үшін үлкен проблемаға айналған: көліктер жиі зақымданады, ал кейбірі шұңқырға түсіп, бамперін зақымдайды.
Тұрғындар шағымдарын жасырмай жеткізді. Солардың бірі біз көрген жаңа жолдың салынғанына небәрі 10 күн болғанын айтты.
© Суретте: Алғабас тұрғыны Бекіш Бақытбек
"Мұнда бұрын жол нашар еді. 10 күн бұрын жаңадан жол төсеп, қатты қуандық. Жол теп-тегіс, сапалы болып шықты. Бірақ үш күн бұрын су құбыры мен кәріз жүйесін орнатамыз деп, жолды қайтадан бұзып тастады. Жаңадан салынған жолдың күл-талқанын шығару әділетсіздік қой", – деп шағымданды тұрғындардың бірі Бекіш Бақытбек.
Бұл ауданның басқа мәселелері де шаш-етектен. Тұрғындардың айтуынша, көшелерде табиғи және жасанды шұңқырлар көп. Олардың кейбірі уақыт өте пайда болған, ал кейбірі мердігерлердің олақтығы. Жол бойындағы люк қақпақтары дұрыс орнатылмағандықтан, күн сайын көліктер түсіп, шығынға ұшырап жатыр.
© Суретте: Алғабас шағынауданы Ақбөпе – Айнамкөз көше қиылысы
© Суретте: Тобықтан асатын жол ортасындағы ойықтар
"Көшедегі шұңқырларға өзіміз баллондар қойып қоямыз. Жолды сапалы етіп төседі, бірақ люк қақпақтары төменде қалып кеткен. Жүргізушілердің көлігі күн сайын зақымданып жатыр. Ал косметикалық жөндеу жасалған көшелердің асфальты екі жылға жетпей, қайтадан бүлініп жатыр," – дейді Бақытбек ағамыз.
Тұрғындардың тағы бір шағымдарының бірі – электр қуатының жеткіліксіздігі. Бақытбек ағамыз бізге 380 вольттық электр желісіне қосылғанына қарамастан, ток кернеуінің 160 вольтқа әрең жететінін айтты.
© Суретте: Бекіш Бақытбек, электр энергиясына қатысты мәселесін айтып жатыр
© Суретте: Бекіш Бақытбек шаңырағындағы сығырайған жарық / жеке архив
© Суретте: 3 фазалы ескі, тоқатары шырмалған бағана
"Кешке қарай жарық сығырайып қалады. Техникалар жұмыс істемейді, ал бір шам қосқанның өзінде жарық жеткіліксіз. "Алатау Жарыққа" барып, мәселені айттық, бірақ РЭС-7-ге жіберді. Мамандар келіп көріп кетті, бірақ мәселе шешілмеді. Тұрақтандырғыш алыңыз дейді, бірақ неге мен 380 вольтқа қосылып, тағы қосымша шығынға батуға мәжбүрмін?" – дейді ол ашуланып.
Бұдан бөлек, қоқыс шығару да өзекті мәселе. Тұрғындардың айтуынша, қоқысты уақытында шығармайды, бұл да жағдайды ушықтырған.
© Суретте: Көшелерде әр үйдің маңындағы қоқыс түйіндері
Жол жөндеу мәселесін нақтылау үшін құрылыс алаңына бардық. Жұмысшылар сұхбат беруден бас тартқанымен, бізге олардың басшыларының нөмірін берді. Жұмысты "Универсал Строй Сервис" ЖШС жүргізіп жатқанын білдік. Компания өкілі Ерболат Ержанов әр мердігердің өз міндеттері мен мерзімдері бар екенін түсіндірді.
© Суретте: Объектінің паспорты
"Әр мердігердің өз жұмысы мен белгіленген уақыты бар. Біз жол жұмысшыларымен сөйлесіп, алдымен кәріз бен су құбырын жүргізіп алуды сұрадық. Бірақ олардың басшыларына бұл ақпарат жетпеген болар немесе уақыт тығыз болды ма, жолды біз келмей жатып салып тастапты. Енді қайтадан бұзып, құбырларды жүргізуге мәжбүрміз", – деп түсіндірді Ержанов.
Ол мұндай жағдайлар жұмыс барысында орын алып тұратынын және мердігерлердің заң аясында жұмыс істейтінін айтты.
"Қазақстанда заң бар: егер жол құрылыс аумағында орналасқан болса, оны бұзған мердігер қайтадан жөндеуге міндетті. Біз жолды өз қаражатымызға қалпына келтіреміз. Қожабеков көшесінде де осылай жасағанбыз, дәл сол сапада жөндеп береміз. Халықты алаңдататын ешнәрсе жоқ. Жамап, уақытша емес, толыққанды қайта төсейміз, сонда жол ұзақ шыдайды", – дейді ол.
Жұмыстың аяқталу мерзімі желтоқсанға дейін жоспарланғанымен, мердігер бұл жұмысты қазан айында бітіретінін мәлімдеді.
Әрине, мердігер өз түсініктемесін берді. Бірақ бұл мәселеде негізгі жауапкершілік әкімдікке түседі. Әртүрлі бөлімдер болғанымен, барлығы бір әкімдіктің қарамағында жұмыс істейді. Алатау ауданының әкімдігінен осы мәселелерді үйлестіріп, халықтың сұраныстарына уақытылы жауап беруін сұраймыз.
Қорыта айтқанда, Алғабас шағынауданындағы жағдай тек жолдың бұзылуымен шектелмейді. Тұрғындар электр қуатының жетіспеушілігі, қоқыс шығару және жол сапасы мәселелерінің шешімін күтіп отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!