ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қуанышбекова Съезд өткізілгеннен кейінгі 4 жылда Қазақстанда балалардың денсаулығын қорғау деңгейін арттыру бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. Соның ішінде: диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялары мен заманауи тәсілдері енгізіліп, педиатрлық және т.б. бағыттағы медициналық кадрларды дайындау үдерісі жетілдірілді.
«Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен баланы қорғау – жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі екендігін мәлімдеген болатын. Аталған бағыттарды іске асыру ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті әрі қарай аймақтандыруға, балаларға кешенді медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге негізделген босандыру мен балалар қызметтерінің біріктірілген үлгісін енгізу арқылы жүзеге асырылады», - деді Р. Қуанышбекова.
Оның айтуынша, осы аталған бағытта көрсетілетін медициналық көмектің өз шеңбері аясында барлық деңгейде тиімділік пен сапаны қамтамасыз ету, бақылау бойынша республикалық емханалардың, ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу институттарының жауапкершілігі мен рөлі күшейтілгенін айтып өтті.
«Сондай-ақ, ҒЗИ ғалымдары да өңірлердегі медициналық қызметкерлерге халықпен жұмыс істеуде (тіпті аудан деңгейінде) қажетті консультативтік, әдістемелік, және тәжірибелік көмек көрсетеді», - деп хабарлады ҚР ДСӘДМ өкілі.
Пленарлық отырыс барысында бала және нәресте өлімін әрі қарай төмендету; перинаталды патологияларды емдеу мен оның диагностикасы, профилактикасына жаңа тиімді технологияларды ендіру; алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіндегі балаларға көрсетілетін медициналық көмектің нәтижелілігі мен сабақтастығын, сапасын арттыру; хирургиялық патологиялары бар балаларға көрсетілетін медициналық көмектің жоғары технологиялық жаңа түрлерін енгізу және дамыту; педиатриялық ғылымды дамыту және балалар мен репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулығын қорғау қызметіне инновациялық технологияларды енгізу, еліміздің ЖОО-да педиатриялық кадрларды даярлау және т.б мәселелері талқыланды.
Панельдік секцияларда балалар гемотологиясы, онкологиясы мен иммунологиясының, ревматология, кардиология мен балалар хирургиясының, тыныс алу мүшелері мен зат алмасудың туабітті патологиясы мәселелері қарастырылатын болады.
Сонымен қатар, заманауи дәрілік заттар мен балалар тағамының, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, жаңа ақпараттық және медициналық технологиялардың көрмесі өткізіледі.