Теңге құлдыраған соң іле-шала кейбір тауарлар қымбаттады дейді алматылықтар. Саудагерлер бағаны өсіруге мәжбүр болатындарын айтады. Билік бағаны негізсіз қымбаттатқандарға айыппұл салынатынын ескертті. Бұл туралы nur.kz ақпараттық порталы жазды.
Алматы тұрғыны 68 жастағы Нұқышбай Маржоров қаланың орталығындағы сауда үйлерінің бірінің алдында дауыс күшейткіш арқылы қала тұрғындарын киім-кешек сатылатын дүкенге кіруге шақырып отыр.
Зейнетке шыққанына бес жыл болған қария Азаттық тілшісіне өзінің 65 мың теңге (жаңа бағаммен 257 доллар шамасында) зейнетақы алатынын, оның жартысын ұлы алған автокөліктің кредитін жабуға төлейтінін айтады. Қазір зейнеткер киім сататын дүкенде жарнамашы болып жұмыс істейді.
“Осы жерден тапқан азын-аулақ ақшамды күнделікті ішіп-жеуге жаратушы ем. Екі-үш күннен бері теңге құны түсіп, доллар бағасы өсіп кетіпті. Енді менің алатыным бұрынғымен салыстырғанда азаятын болды ғой”, – дейді Нұқышбай Маржоров.
Азаттық тілшісіне аты-жөнін атағысы келмеген алматылық келесі тұрғын күнделікті тұтынатын кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасына 12-15 теңгеден қосылып үлгергенін айтты.
Алматыдағы азық-түлік дүкендерінің бірінің сатушысы өздерінде тауарлар әзірше бұрынғы бағамен сатылып жатқанын айтады.
“Бізде сөредегі тауарлар бұрынғы болғандықтан әлі баға қосқан жоқпыз. Ал жаңа тауарлар енді жаңа бағамен келетін шығар, бірақ нақты қаншаға қымбаттайтынын әзірше білмейміз”, – дейді ол.
Алматы тұрғындары теңге бағамы өзгерген екі-үш күн ішінде кейбір азық-түлік тауарларымен бірге киім-кешек пен тұрмыстық техника, үй жиһаздарына, сондай-ақ құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап отырғанын айтады.
Хайрол есімді қала тұрғыны жұма күні құрылыс базарына барғанда ондағы тауарлар жаңа бағамен сатылып жатқанын байқаған.
“Осыдан бір апта бұрын 2 мың теңгеден сатылған 5х15 көлемді алты метрлік тақтай ағаш бүгін 3 500 теңге болыпты. Олар бұрыннан тұрған материалдар ғой”, – дейді ол.
Енді бір зейнеткер диван сатып алу үшін жиһаз дүкеніне барғанда, ондағы баға бұрынғыдан айтарлықтай қымбаттағанына куә болғанын айтып берді.
“Бәрі қымбаттап кетіпті. Кеше 140 мың теңге болған жиһазды бүгін 180 мың теңге дейді. Азық-түлік дүкенінде де кейбір тауарлар қымбаттаған”, – дейді ол.
Алматының Көк базарында киім-кешек сататындар «тауарлар бүгін болмаса да, ертең бәрібір қымбаттайтынын» айтып жатты.
“Біз тауар алатын «Барахолкадағы» көптеген контейнерлер кешеден бері жабық тұр. Енді солардың қосқан бағасына қарай біз де көтеруге мәжбүр боламыз. Жаңа тауар түскен жоқ, бұрынғыларын әзірше ескі бағамен ұстап отырмыз”, – дейді Жанар есімді сатушы.
Ол сонымен бірге көтерме сауда орнынан алатын тауардың ғана емес, өзі жалға алып отырған орын бағасы да өсетінін күтіп отырғанын айтты. «Қалай болғанда да, енді базарда тауар қымбаттайды» дейді Жанар.
Қазақстан ұлттық экономика министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы «бағаны негізсіз қымбаттатқаны үшін кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынып, заңсыз алынған табыс тәркіленетінін» ескертті.
Билік жергілікті әкімдіктер жанынан бірінші кезекте қажетті азық-түлік тауарларына, мультипликативтік әсері бар азық-түлікке жатпайтын тауарларға (мұнай өнімдері, тауарлық және сұйытылған газ, көмір, мазут және т.б.) бағаларды бақылап отыратын жедел штабтар құрылатынын хабарлады.
Тамыздың 19-ы күні Қазақстанда бір АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілген болатын.
Араға бір күн салып, Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң, теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда бір АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттаған.
Бүгін теңгенің долларға шаққандағы бағамы аздап қайта көтерілді. Қазақстан қор биржасындағы сауда нәтижесі бойынша, бір АҚШ долларының бағамы 237,66 теңгені құрады.