- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда тау жотасында...
Алматыда тау жотасында орналасқан үй тұрғындары үрей құшағында өмір сүріп жатыр
Алматыда тау жотасында орналасқан үйлердің айналасына орнатылған тірек қабырғасы үгітіліп, тастар төменге сырғып жатыр. Сондықтан бұқара баспанамызды бұрынғыдай топырақ емес тас басып қала ма деп қорқады. Олар мердігер компания шала-шарпы істеген жұмысын толық аяқтасын деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Габионның стена көтеріп, оған подпорка жасау керек болатын. Бірақ бұның ештеңкесі жасалынған жоқ. Тек қана жай сеткаларды алып келіп, ішіне тастарды толтырып осы қалпында қалдырып кетті. Тастың өзінде провалканың өзінде экономия жасағандықтары үшін тау осы тастармен бірге құлап жатыр. Бұл таудың үстінде тұрған үйлерге де қауіпті, таудың астында тұрып жатқан жанұяларға өте қауіпті", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Айжан Мәмешова.
2019 жылы Медеу ауданындағы Көктөбенің етегінде тұрғызылған үйлер қауіпті аймаққа жатқызылды. Себебі, жаңбыр жауса мұнда лай көшкіні жүріп, халықты әбігерге салатын еді. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында төрт жыл бұрын бюджеттен шамамен бір миллиардтан астам қаражат бөлінген. Сосын мердігер компания аталған аумаққа габионмен жасалған тірек қабырғасын қалады. Соған қарамастан жұрт әлі де үрей құшағында отырмыз деп ашулы. Олардың бекіту жұмыстарына көңілдері толмайды. Тау етегінде баспана салған жұрт құрылыс компаниясы ақша үнемдеу үшін арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланғанына сенімді. Ал, әкімдіктегілер жұрттың шағымынан кейін арнайы сараптама тағайындап, тексеріс жұмыстарын бастапты.
"Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Алматы қаласы аудит бөлімінің басшыларымен келіп, мына жерге эксперт тағайындалып, ол толыққанды тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір жердің астындағы бетонның қалыңдығын және өлшемін өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін құзыретті органдар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетін болады", - дейді Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Есбол Күребай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина