Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасаған адам ұсталды

Алматыда такси жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұрып-соғу дерегі бойынша Алматы қаласының полициясы прокуратурамен бірлесіп, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде қаланың 19 жастағы тұрғынына заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды.

"Күдікті полицияға жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жалғасып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.

Алматы полициясы әрбір заңбұзушылыққа қатаң құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жолаушы такси жүргізушісіне шабуыл жасағаны, оқиға видеоға түсіп қалғаны хабарланды.

Алматылық Влад Кравчук Instagram-да оқиғаның видеосын жариялады. Оның айтуынша, такси жүргізушісі болып жұмыс істеп, үш жолаушыны тасымалдаған. Жолда олардың бірі көлік салонында темекі шеккен.

Жүргізуші одан темекі шекпеуін өтінген, оған жолаушы дөрекі жауап қатқан, тіпті такси жүргізушісіне балағат сөздер айтып, ұрған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!