Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен тағы бір қайырымдылық қорының басшысы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық күдігімен ұсталғаны туралы ақпаратты заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Ілияс Сариев алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікпен ұсталды. Мұндай ақпарат келіп түсті. Оның үстінен бірнеше азаматтан шағым түскен. Қазіргі таңда осы шағымдар негізінде ұсталғаны белгілі. Егер сіз де жәбірленушілердің қатарында болсаңыз, Алматы қаласы полиция департаментіне арызбен жүгіне аласыз", – деп жазды ол парақшасында.
Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады. Олар алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Істі жан-жақты және объективті тергеу мақсатында кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі волонтерлік қозғалыс белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізген болатын. Одан алынған әшекейлер, сөмкелер, сондай-ақ тәркіленген жылжымайтын мүлік пен көлік көрсетілген еді.
2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына ақша жинау кезінде жасалған алаяқтық фактісі бойынша жаңа сотқа дейінгі тергеу тіркелді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет