- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда табылған "Маугли"...
Алматыда табылған "Маугли" балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылады
Алматыда табылған "Маугли" балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматылық полицейлер Павлодардан келген отбасыны осы жылдың мамыр айында тіркеген.
Дабыл қаққан Медеу аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы бірнеше күн бойы полицияда есепте тұрған 41 жастағы Х.есімді азаматшаның отбасын тексере бастаған.
"Бұл отбасын биылғы жылдың мамыр айында тіркедік, балалардың анасы Павлодардан келген. Тексеру кезінде әйел байланысқа шығуға құлықсыз болды. Кезекті тексеру барысында, 8 тамызда бірдеңенің дұрыс емес екенін сездім: үйде дыбыстар естілді, бірақ есікті ешкім ашпады. Менің дабылым бойынша оқиға орнына жергілікті учаскелік инспектор, ТЖД қызметкерлері мен қамқоршылық өкілдері тартылды. Есік күшпен ашылды. Сараптамамен расталғандай, әйел үйде "орташа дәрежедегі" алкогольдік масаң күйде болған. 2016 жылы туған қыз балаға, 2018 жылы туған ұл балаға және 2020 жылы туған тағы бір ұл балаға күтім жасалмаған. Үйдің іші лас болды. Балалар бірден өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығына жеткізілді", - дейді Медеу аудандық ПБ ЮПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Айжан Бутабаева.
Медеу аудандық полиция басқармасы басшылығының айтуынша, іс материалдары жинақталып, әйелді одан әрі ата-аналық құқығынан айыру үшін 2023 жылдың 18 тамызында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданатын болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы пәтерлердің бірінен "Маугли" балалар табылғаны хабарланған болатын. Үш бүлдіршін бірнеше жылдан бері қаладағы Медеу ауданында анасымен бірге өмір сүріп келеді. Бірақ олар ата-анасының қамқорлығынсыз және қадағалауынсыз қалған.
Құжат бойынша, екі бала 2016 жылы, ал олардың інісі 2020 жылы дүниеге келген. Көршісінің айтуынша, балалар тұратын пәтерде қоқыс, тіпті адам нәжісі толып тұр. Ал кенже баланың тіпті киімі де жоқ. Сондай-ақ, ең кішкентай бүлдіршінде аутизм спектрінің бұзылуы болуы мүмкін екені анықталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина