Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдері Алматы қандай қымбат оталар жасалатынын, қандай оталарға сұраныс жоғары екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда жыл сайын МӘМС есебінен мыңдаған қымбат ота жасалады. Жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын мұндай оталардың бағасы кем дегенде 1 миллион теңге тұрады, ал ең қымбат ота құны 74 миллион теңгеге жетіп жығылады.
Былтыр алматылық дәрігерлер МӘМС қаражаты есебінен 7 мыңнан аса жоғары технологиялы операция жасаған. Оған қордан 21,7 миллиард теңге төленген болса, 2024 жылы мұндай оталарға 25 миллиард теңге бөлінді.
Қордың Алматы филиалы мамандары қалада жасалып жатқан қымбат әрі ең көп сұранысқа ие операциялар туралы айтып берді.
Бағасы қымбат операциялар көшін жүректің сол жақ қарыншасын ауыстыру (LVAD) отасы бастап тұр. Мұны созылмалы жүре тапшылығымен ауыратын науқастарды емдеудің заманауи тәсілі әрі жүрек алмастырудың баламасы деуге болады.
"Соны аппарат жүрекке қан айдауға көмектесіп, жүрек тапшылығы белгілерін жеңілдетеді. Бұл кейбір ауыр науқастардың өмірін ұзартудың бірден-бір жолы екен. Бұрын мұндай науқастар ағзаның резерві біткенше өмір сүруге мәжбүр болса, аппараттың көмегімен қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алады. Бағасы өте қымбат тұратын мұндай отаны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Ал Қазақстанда бұл операция МӘМС есебінен жасалып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Дің жасушаларын трансплантациялау әдісі жұлыны зақымданған науқастарды емдеу барысында қолданылады.
Сондай-ақ, бұл әдіс обырды емдеген кезде зақымданған немесе жойылып кеткен қан жасушаларын алмастыру үшін де пайдаланылып жүр. МӘМС жүйесінің арқасында қолжетімді болып отырған жасуша алмастыру операцияларының тиімділігі 54-тен 73 процентке жетіп жығылуы мүмкін.
Бауыр алмастыру - қауіпті оталардың бірі. Себебі бауыр - адамның ағза жүйесіне жаппай әсер ететін маңызды орган. Организмде сүзгі рөлін атқаратын бауыр алмастыруда сәйкес келетін донор табу да үлкен мәселенің бірі. Алмастырғаннан кейін науқас күтініп, ұзақ уақыт оңалтудан өтуге тиіс.
Өкінішке қарай, Қазақстанда бауыры зақымданған пациенттер саны аз емес. Бұл дерт, әсіресе, егде жастағы адамдар арасында жиі кездеседі. Былтыр Алматыда 27 науқас МӘМС есебінен бауыр алмастырған.
Алматылық клиникалар ауыр дерт салдарынан жүрегі кенет тоқтап қалу қаупі бар науқастарға дефибриллятор орнатады. Жүрек тапшылығына шалдыққан науқастар жүрегіне орнатылған аппарат монитор арқылы қашықтан бақылау жүйесіне қосылады.
Заманауи технология пациенттің жағдайын алыстан бақылап қана қоймай, емдеу схемасын реттеп отыруға мүмкіндік береді. Бақылау науқастың телефонына орнатылатын арнайы қосымшаның көмегімен жүргізіледі. Бұл шалғай аймақтарда тұратындықтан республикалық орталықтарға жиі келіп имплантты тексерте алмайтын науқастар үшін өте ыңғайлы.
Шағын ғана электрон құрылғы құлағы естімей қалған адамдардың есту қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Имплант құлақтың зақымданған ішкі бөлігін айналып өтіп, есту жүйкесін стимуляциялайды. Ол өз кезегінде миға импульс беріп, нәтижесінде құлағы мүлде естімейтін науқас ести бастайды.
Аорта қақпақшасының тарылуы мен жеткіліксіз жұмыс істеуі -жиі кездесетін дерт. Көп жағдайда жұмыс істемейтін қақпақша биологиялық немесе механикалық протезбен алмастырылады. Операция ағзадағы қан айналымын дұрыстап, әр органды жасушалармен қамтамасыз етеді. Отаны тәжірибелі кардиохирург жасаған жағдайда пациент 20-30 жыл бойы сол протезбен жүре береді.
Эндоваскулярлық эмболизация аневризмге шалдыққан тамырларды емдеудің ең жетілдірілген әдісі. Өткен жылы алматылық нейрохирургтер осындай 586 ота жасаған. Эмболизация рентген аппарат және контраст сұйықтығының көмегімен жасалады. Нейрохирург рентген арқылы бақылай отырып тамырға катетер енгізеді, содан соң арнайы құрылғының көмегімен қан айналымын ретке келтіреді.
Жасанды ұрықтандыру қатты қымбат болмаса да соңғы кезде сақтандырылған азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлерінің бірі. Жыл сайын елімізде МӘМС есебінен экстракорпоралды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінеді, оның 3241-і Алматыға тиесілі.
Экстракорпоралды ұрықтандыру кейінгі кезде ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер мен ерлер арасында белең алып бара жатқан бедеулік проблемасына қарсы күрестің ең тиімді тәсілі деуге болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!