Алматыда сұлулық салоны мен азық-түлік дүкені орналасқан екі қабатты ғимарат өртенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы қалалық ТЖД-ның ақпаратынша, бүгін сағат 12:21-де 101 пультіне тұрғындардан Наурызбай ауданы, Жандосов көшесі, 11 А мекенжайында өрт шыққаны туралы 7-10 хабарлама түскен.
"Өртсөндірушілер 6 минутта жеткен сәтте екі қабатты ғимарат шатырының жабындысы мен ғимараттың сырты өртеніп жатқанын анықтады. Қызыл жалын 100 шаршы метрді алып, өрттің көршілес екі қабатты тұрғын үйге таралу қаупі туындады. Өрт сағат 12:37-де оқшауланып, сағат 12:43-те сөндірілді", - деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Өртсөндірушілер екінші қабаттағы сұлулық салоны мен бірінші қабаттағы азық-түлік дүкенінің, жапсарлас салынған үй-жайларды өрттен аман алып қалды.
"Сонымен қатар, өрттің шаштаразға және іргелес ғимараттағы тұрмыстық химия дүкеніне өтуіне жол берілмеді. Зардап шеккендер болған жоқ. Өрттің себебі анықтау үшін оқиға орнында Өрт сөндіру зертханасының анықтаушылары мен мамандары жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады департаменттегілер
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!