Алматыда студенттік жатақханалар тапшылығы мәселесі 2030 жылға қарай толық шешіледі. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы әкімі Ерболат Досаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты. Қазіргі уақытта Алматыда жатақханалар салу бойынша жұмысты тиімді үйлестіру үшін Жобалық кеңсе іске қосылды. Жобаларды қолдауға 114 әлеуетті инвестор жүгінді.
"Бүгінгі таңда жұмыста 42 452 төсек-орынға арналған 47 жоба бар, оның ішінде 33 нысан 38 740 төсек-орынға арналған жаңа жатақханалар салуды, 15 нысан 3 712 төсек – орынға арналған жатақханалар ретінде бар нысандарды қайта жаңартуды көздейді. Қалған 67 инвестордың жобалары бойынша жер учаскелерін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ерболат Досаев.
Қазіргі уақытта Алматының 23 жатақханасында 3,8 мыңға жуық студент тұрады. 2025 жылдың соңына дейін қалада 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек – орын құрылады, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, "Білім туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттерге тұрғын үй беру және оларды жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша біліктілік талаптары күшейтілді. Енді ЖОО-дары осы шартты сақтамаса, онда олар лицензиясынан айырылады және білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды.
Материалды Алматы әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!