Алматыда Студенттер сарайының төбесі опырылып түсті

Алматыда қазір реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында төбенің бір бөлігі опырылып түсті. Бұған дейін университет ғимарат айтарлықтай тозғанын, конструкциялардан ақаулар шыққанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

24 қыркүйекте таңертең Алматы тұрғындары тосын көрініске куә болды: Студенттер сарайының төбесінің орнында бетон блоктар мен темір конструкциялардың үйіндісі жатыр. Сыртқы түріне қарағанда, бұл жер опырылған. Ғимарат қазір қайта жаңартылып жатыр.

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ғимараттың сурет-видеоларын жариялады. 


Бүгін университеттің Facebook-тегі парақшасында ресми мәлімдеме пайда болды. Алайда онда төбенің опырылуы неге байланысты болғаны нақты айтылмаған.

"Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталды. Бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс қатарына жатады, ал құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен атқарылды. Шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған ғимаратқа күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелер тозуына әкеп соқты. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажет болды", - деп жазылған хабарламада.

2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеріс жүргізген. Оның нәтижесінде бірқатар ақау анықталған.

"Бұл Студенттер сарайы басынан құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын өрескел бұзып, пайдалануға берілгенін көрсетіп отыр. Ең бастысы, ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемейінше, мұндай күрделі ақауларды көзбен көріп анықтау мүмкін емес. Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес ғимараттарға жөндеу әр 3-5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу 20-25 жылда кемінде бір рет жүргізілуге тиіс. Бұдан бөлек, 2024 жылы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аумақта бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық белсенділік ақау анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін", - деді университет өкілдері.

Осылайша, университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын ескеріп, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған.

Дегенмен ҚазҰУ бүгінгі жағдайға нақты не себеп болғанын және оның бұған дейін анықталған ақаулармен байланысы бар-жоғын әзірге нақтыламады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!