Алматыда қазір реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында төбенің бір бөлігі опырылып түсті. Бұған дейін университет ғимарат айтарлықтай тозғанын, жүккөтергіш конструкциялардан ақаулар шыққанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
24 қыркүйекте таңертең Алматы тұрғындары тосын көрініске куә болды: Студенттер сарайының төбесінің орнында бетон блоктар мен темір конструкциялардың үйіндісі жатыр. Сыртқы түріне қарағанда, бұл жер опырылған. Ғимарат қазір қайта жаңартудан өтіп жатыр.
Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ғимараттың сурет-видеоларын жариялап жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
24 қыркүйекте таңертең университеттің Facebook-тегі парақшасында ресми мәлімдеме пайда болды. Алайда онда опырылу неге байланысты болғаны нақты айтылмаған.
Университет өкілдері ғимаратты реконструкциялауға деген қажеттілік оның техникалық жағдайына байланысты туындағанын мәлімдеген. 2023 жылы аккредиттелген ұйым тексеріс жүргізіп, нәтижесінде жүк көтергіш конструкциялардан айтарлықтай ақау анықтаған.
Мамандар бағандар ішінара бұзылып жатқанын, темірбетон бағандай қисайғанын, ригельдер мен бағандар арасындағы байланыс бұзылғанын, темірбетон ригельдер майысқанын, жекелеген жүк көтергіш элементтер жоқтығын, сондай-ақ, шатырдың металл конструкцияларының деформациясын тіркеген.
"Ақаулардың көпшілігін әрлеу қабатын бұзбай, сырттай қарап анықтау мүмкін емес", - деді ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ, тексеріс барысында басқа да ақаулар анықталған.
ҚазҰУ ғимарат Құрылыс нормалары мен ережелерін бұзып, пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Студенттер сарайы 1985 жылдан 1998 жылға дейін салынып, 30 жылға жуық пайдалану кезеңінде бірде-бір рет күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.
Университет мәліметінше, жұмыстарды жүргізу кезінде ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі ескеріледі. Ғимараттың техникалық жағдайына қарамастан, университет оның тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, Студенттер сарайын сақтап қалуды және қалпына келтіруді ұйғарған.
Дегенмен ҚазҰУ бүгінгі жағдайға нақты не себеп болғанын және оның бұған дейін анықталған ақаулармен байланысы бар-жоғын әзірге нақтыламады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова