Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, қазір білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр.
"Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбіне зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақы төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын", - деді ол.
Самат Нұртазаның айтуынша, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз ететін бірыңғай тәсіл де жоқ.
"Білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттар өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеріс құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өткім келеді. Соның бір мысалы ретінде жақында Алматы қаласындағы университеттердің бірінде болған сұмдық жағдайды айтсақ болады. Студент оқу орнына пышақ алып кіріп, оқытушыны жарақаттаған. Биыл білім беру мекемелеріне жасалғалы жатқан "шабуылдар", қастандықтар туралы жалған ақпараттар мен қауесеттер бірнеше рет тарағаны да алаңдатады. Мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланып, ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызды", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін бомба туралы хабарлап, Ақтауды дүрліктірген адам жасөспірім болып шықты. Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова