Алматыда "Слово пацана" сериалындағы баскиім 400 мың теңгеге сатылып жатыр

Танымал жарнама сайттарының бірінде "Слово пацана" сериалындағы баскиімге ұқсас баскиім сатылымға шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сатушы баскиімді 400 мың теңгеге бағалапты.

 

Жарнаманың сипаттамасында баскиім бірнеше рет киілгені, өлшемі жазылған.

"Жүннен тоқылған баскиім. 70-ші жылдардағы аула стилі. "Слово пацана" баскиімі. Бірнеше рет киілген. Өлшемі - 57, 58-ге сәйкес келуі мүмкін, өйткені жүннен жасалғандықтан созылады. "Чушпандарға" арналмаған", - делінген жазбада.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасөспірімдер арасында танымал "Слово пацана" сериалына тыйым салу мәселесіне пікір білдірген еді.

"Қазір бұл сериалға қатысты көптеген ақпарат тарап жатыр. Ресей Федерациясында бірнеше мәлімдеме жасалды. Қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Біз мерзімінен бұрын қорытынды жасағымыз келмейді. Мәселені зерттеп жатырмыз ("Слово пацана" сериалына тыйым салуға қатысты - еск.). Біздің министрлік ақпарат министрлігінен бірнеше сарапшыны бұл мәселеге тартты. Мәселені зерттеп жатырмыз. Қажет болса, кейбір шешімдер қабылдануы мүмкін. Қазір дүрбелеңді көріп отырған жоқпыз", - деді Саясат Нұрбек.

Министрлер "Слово пацана" сериалын көрмегенін де жеткізді.

Айта кетейік, "Слово пацана" сериалында 1980 жылдардың аяғындағы Қазан қаласындағы (Ресей) жастардың өмірі көрсетіледі. Оқиға 14 жастағы Андрей есімді баланың жасөспірімдерден тұратын "Универсам" бандасына кіруіне басталады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз