Алматыда шыңға көтерілген жасөспірім 500 метр биіктіктен құлап кетті. 16 жастағы жігіт оңбай жарақаттанған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
15-17 жас аралығындағы төрт жасөспірім сенбі күні өз бетінше Хрищатый шыңын бағындыруға көтерілген. Алайда биіктікте олардың бірінің аяғы кенет тайып кетіп, төменге қарай домалай жөнеледі. Абдырап қалған достары бұл туралы құтқару қызметіне хабар берген.
Оқыс оқиға туралы дереу тау биігіндегі альпинистерге де айтылып, жараланған жігітті алдымен солар тапқан. Кейін құтқарушылар үсті-басы қан-жоса болған туристі зембілмен төмен түсірді. Ол бірден аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер жағдайының өте ауыр болғанын айтады. Қазір науқас тиісті ем-дом алып жатыр.
"Түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр болды. Қабылдау бөлімінде жан-жақты қаралып тексерілді. Қосарланған жарақат, бас жарақаты, басы соғылған, аяқ-қолында жарақат көп. Нейрохирургияда жатыр", - дейді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!