- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда шетелдіктерге қызмет...
Алматыда шетелдіктерге қызмет көрсететін ХҚКО-да ұзын сонар кезек пайда болды
Алматыда шетелдік азаматтарға ЖСН беру үшін ашылған арнайы ХҚКО-да ұзын сонар кезек пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде ХҚКО-лардың біріне ЖСН алуға келген Ресей азаматтары жиналған ұзын сонар кезек видеосы пайда болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ Алматы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәліметінше, кезек шынымен бар, бірақ бұл мәселе шешіліп жатыр. Ресей Федерациясы азаматтары 2-3 минут ішінде қызмет алып жатыр. Ресейліктер кезегі Жетісу ауданы, Құлагер шағынауданы, Қазыбаев көшесі, 286в мекенжайы бойынша Құлагер шағынауданындағы спорттық-сауықтыру кешені ғимаратында арнайы ұйымдастырылған бір ғана ХҚКО-да байқалады.
Сурет: Алматы қаласы "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметі
"Олар ешкімге кедергі жасамайды. Бұл - жұмысы күшейтілген халыққа қызмет көрсету орталығы. Онда алдымен 20 жұмыс орны бөлінген, қазір 40 қызметкер қызмет көрсетіп жатыр. Ресейліктерге көші-қон қызметінің қызметкерлері де кеңес беріп жатыр", - деді баспасөз қызметі өкілдері.
ХҚКО-да бір күнде шетелдіктердің 3-3,5 мың өтінімі қаралады. Бұл әдеттегі жүктемеден 50 пайызға артық. Қызметкерлер 09:00-ден 20:00-ге дейін, талон алған сол күнгі соңғы клиентке дейін жұмыс істейді. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін ХҚКО-ға ауызсу әкелінеді және шетелдік азаматтардың түнде қалатын жері болмаған жағдайда орындар беріледі.
Сондай-ақ, ЖСН алу үшін шетел азаматтары "Банк ЦентрКредит" филиалдарына мына мекенжайлар бойынша жүгіне алады:
- Алмалы ауданы, Шевченко көшесі, 140;
- Әуезов ауданы, Ақсай-2 шағынауданы, 9а үй;
- Алмалы ауданы, Назарбаев даңғылы, 65;
- Медеу ауданы, Қонаев көшесі, 1;
- Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 143а;
- Алмалы ауданы, Бөгенбай батыр көшесі, 156;
- Бостандық ауданы, Жандосов көшесі, 1.
Сондай-ақ, Ресей азаматтары ЖСН-ді онлайн режимінде арнайы бот, банк қосымшасы немесе SMS-хабарлама арқылы ала алады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова