ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Алматы полиция департаментінің Киберпол тобымен бірлесіп, заңсыз Sim-box құрылғысын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел іс-шаралар барысында көршілес елдің азаматы ұсталды. Оның айтуынша, ол Тelegram арқылы жұмыс тауып, Алматыға осы жабдықты ала келген.
Айта кетейік, күдіктінің осыған ұқсас жағдай бойынша Атырауда жүргізіліп жатқан іске қатысы бары анықталды.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін прокуратураның келісімімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы прокуратурасының хабарлауынша, Sim-box жабдығы абоненттік нөмірлерді ауыстыру, жаппай қоңырау шалу және хабарламалар тарату үшін арналған.
Тексеру кезінде Sim-box жабдығында қазақстандық ұялы байланыс операторының 120-дан астам SIM-картасы орнатылғаны белгілі болды.
"Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 213-бабы (Абоненттік құрылғының идентификациялық кодын өзгертетін бағдарламаларды заңсыз пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады ведомство.
Осы жылдың қарашасынан бері бұл - Sim-Box жабдығын пайдалану бойынша анықталған үшінші жағдай.
"Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, оңай ақша табуды уәде ететін күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бас тартуға және күдікті әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз