Алматыда халықаралық шаңғы кешенін салып, 10 жылдан аса тиісті ақысын ала алмай жүргендер тағы шу шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, қала әкімдігі 4 миллиардқа жуық теңге қарыз. Шенеуніктермен соттасып та көрген, бірақ жергілікті билік жеңіп шыққан. Мұнымен келіспеген кәсіпкерлер ақша талап етіп, бүгін де әкімдік алдына жиналды.
Алматы төріндегі "Сұңқар" шаңғы трамплиндерінің кешені 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арналып салынған. Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Нысанның алғашқы кірпішін қалап, бастан-аяқ соққан жұмысшылар 13 жыл өтсе де, әлі күнге дейін тиісті ақшасын ала алмай жүрген көрінеді.
Құрылысшылар бұл жолы да плакат ұстап шықты. Былықтың бәрін ұйымдастырған екі адам, бірі – кезінде қала әкімінің орынбасары болған Сұлтанбек Мәкежанов, қазір депутат. "Ол қаражатты "2016 жылға дейін төлейміз" деп сендіріп, ақыр аяғында жоқ болды" дейді наразы топ. Бұл іске қатысты былтыр сот та болған. Сот шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілмеген.
"Қысқаша түсіндіріп айтайын, біз алмаған 3 миллиард 854 миллионды "алып қойыппыз". Сотта оны бір оқыды. Одан басқа, екі қымбат ретракті өз ақшамызға алынған. Біздің құжатты көре тұра, біле тұра, оны сот мақұл деп айтпай, ең арзан ретрактінің бүкіл құжатын тікті де, қымбат, бір миллионнан аса доллардың техникасын "біз сатып алдық" деп, өтірік айтып сотты жеңіп алды", - деді құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Әбдіразақ Байболатов.
Кәсіпкерлер 13 жылдың ішінде еңбегінің құнын даулап, Алматының талай әкіміне кірген, бірақ нәтиже болмапты. Ал трамплиннің құрылысын аяқтаған кезде әкімдік бермеген ақшаны "қалтамыздан шығардық" деп отыр. Жетпегенін банкке мүліктерін қойып несие алған. Сол 30 кәсіпкердің кейбірі тіпті кепілге қойған мүлкінен айырылыпты.
"2007 жылдан бастап 2017 жылға дейін жанармай тасыдым. Әкімдік 43 миллион теңгені әлі бермеді. Енді Қаңтар оқиғасы кезінде бізге қатысты құжаттың бәрі өртеніп кетті дейді. Сылтаулары бітетін түрі жоқ", - дейді кәсіпкер Александр Веденко.
Ал шенеуніктер "Қағаз жүзінде ешқандай қарыз жоқ" дейді.
"Әкімшілік пен мердігер компанияның арасында барлық құжат, актілер жабылған. Әкімшілік мердігер мекемеге ешқандай қаражат қарыз емес. Біз, әкімдік, істелінген жұмыс актісін жабамыз ғой. Қазір ол актілер жоқ", - дейді Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдар Нұрғожаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!