Алматыда сел қаупі жағдайы ерекше бақылауда

Алматыда сел қаупі жағдайы ерекше бақылауда
Фото: Алматы әкімдігі ұсынған сурет

Алматы әкімі Ерболат Досаев қала ТЖД басшылығымен және "Қазселденқорғау" ММ Ақсай өзенінің бассейнінен Кіші Алматы өзенінің бассейніне дейін Іле Алатау жотасындағы биік таулы моренді көлдер мен мұздықтардың, сел кесінділері мен ошақтардың жағдайын тікұшақпен тексеріп шықты. Сонымен қатар, селден қорғау нысандары да қаралды.

Алматының тау бөктерінде  барлығы 51 моренді көл бар, оның алтауы – ең серпінді. Бұл Кіші Алматы өзені бассейніндегі №6 көл; Үлкен Алматы бассейніндегі № 10, 13-бис көлдері және Ақсай өзені бассйніндегі № 8, 9, 10 көлдері.

Қазір Алматы қаласындағы сел қаупі тұрақты және ерекше бақылауда. Көлдердің көп бөлігі 65-70% - ға толады - су деңгейі қауіпсіз белгілерде.

Қазіргі кезде тауларда ауа температурасы 5-6 градус. Шілдеде биік таулы аймақтағы орташа айлық температура 7-15°с шегінде ауытқиды. "Қазгидромет" РМК ұзақ мерзімді болжамы бойынша жазғы кезеңде тауларда ауа температурасының жоғарылауы күтіледі, кейде нормадан жоғары (22°С дейін). Сел шығарындыларының алдын алу үшін биыл моренді көлдердің суы ағызылады. Алматының жергілікті бюджет резервінен осы мақсаттарға 36,3 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа су ағызу арналарын тазарту және тереңдету үшін өнімділігі жоғары сорғылар, сифон құбырлары, дәнекерлеу аппараттары және басқа да жабдықтар сатып алынады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев тау өзендеріндегі гидрометеорологиялық, көшкін, су тасқыны, сел жағдайына тұрақты бақылау жүргізуді және күшейтуді тапсырды.

"Қазселденқорғау" ММ мамандары 10 тұрақты және 3 маусымдық постарда бақылау жүргізеді. 20 маусымнан кейін қалған 10 маусымдық постта бақылау басталады.

Алматы әкімдігі ұсынған материал

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz