Алматыда сегіз жастағы бала қоршауға қолын тигізіп, ауруханаға түсті

Алматыда сегіз жастағы бала көпқабатты үйдің кіреберісіндегі бақшаның алдыңғы қоршауын ұстағанда электр тогы соқты. Қазір оның жағдайы орташа ауыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әуезов ауданы әкімінің аппараты оқиғаның 20 қазан күні сағат 11:54-те Ақсай-3 ықшамауданындағы №1 үйдің жанында болғанын хабарлады.

"Осы факті бойынша Ақсай-3, 1-үйдің тұрғыны жергілікті аумақта құзырлы органдардың рұқсатынсыз алдыңғы бақшаға қоршау орнатқанын хабарлаймыз. Қоршау бағанасындағы монтаждау жұмыстары кезінде үйге қуат беретін электр кабелі зақымдалып, электр тогы қоршауға тараған", - деп хабарлады әкімдік.

Бала қоршауды ұстаған кезде оны электр тогы соққан. Оны жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. 

"Бала "электржарақат" диагнозымен Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жатқызылды. Екі қолы күйіп қалған. Клиникалық хаттама бойынша барлық қажетті медициналық көмек толыққанды көрсетілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы орташа ауыр, ем қабылдап жатыр", - деп хабарлады Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Ескерту! Видеода боқтық сөздер бар!

@stefmsm13

♬ оригинальный звук - Степан 🇰🇿🇰🇿🇰🇿✅

Бұл оқиғаға қатысты Әуезов аудандық полициясы тергеу жұмыстарын бастады.

"Оқиғаның мән-жайы мен кінәлілер анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданады", - деп хабарлады ведомство.

Әкімдіктегілер қоршауды орнату кезінде кеткен ақауларды Әуезов ауданына қарасты РЭС-7 мекемесінің қызметкерлері дереу жөндегенін нақтылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!