Алматы әкімі Ерболат Досаев 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Іс-шара "Қарағайлы" скверінде өтіп, Қазақстанның жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының, "Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамының басшылары мен 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шаниннің немересі Райхан Шанина сөз сөйледі.
Гүл қою рәсіміне қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары, қала халқы, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен жастар ұйымдарының өкілдері де қатысты.
Қатысушылар қуғын-сүргінге ұшырағандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстанда 1997 жылдан бері аталып келеді. Өткен ғасырдың бірінші жартысында 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Қазақстанның көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин және т.б. бар.
Бұл күні қалада конференция, дөңгелек үстел, тарихи-ағартушылық дәріс, театрландырылған қойылым, кітапханалардағы фото және кітап көрмесі, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесуі сынды түрлі еске алуға арналған іс-шаралар өтеді.
Алматы әкімдігі ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!