Алматы полициясы самокатқа жалаңаш мінген қыз бен жігіттің жеке басын анықтап, оларды 10 тәулікке қамауға алды, - деп хабарлайды Мassaget.kz қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Алматы қаласының жолдарында жалаңаш самокатпен жүрген 1997 жылы туған азамат М. мен 2003 жылы туған азаматша Г.-ға қатысты сот отырысы өткен.
"Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, ұстады. Олардың әдепсіз әрекеттері ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы - ұсақ бұзақылық бойынша қаралды. Іс материалдары сотқа жіберілді, оның шешімімен екеуі 10 күн әкімшілік қамауға алынды. Жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзған 1994 жылы туған азамат, "Мерседес" көлігінің жүргізушісіне қатысты да әкімшілік шаралар қабылданғанын атап өткен жөн (ҚР ӘҚБК 593-бабы 1-бөлігі). Оның жолаушысы - азаматша А. көліктен жалаңаш адамдарды ұялы телефонына түсіріп алған", - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ержан Ұзабаев.
Еске салайық, Әл-Фараби даңғылы мен Бейбітшілік көшесінде самокат мінген жалаңаш адамдар видеоға түсірілді. Видео krisp_almaty Instagram-парақшасында пайда болды.