Алматыда салынып жатқан тағы бір тұрғын үй кешені сүріліп жатыр

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, Ерменсай шағынауданындағы, 7-бұрылыс, 8-учаскеде орналасқан тұрғын үй кешені сот шешімімен заңсыз деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нысанға жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында MGM Development ЖШС аталған тұрғын үй кешенінің құрылысын СЖТ-сыз, эскиздік жобаны келісусіз, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз, мемлекеттік сараптама, авторлық және техникалық қадағалаусыз бастағаны анықталды.

2022 жылы 21 желтоқсанда тапсырыс берушіге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

2023 жылы 25 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нысанды сүру туралы талап-арыз берілді.

2023 жылы 27 желтоқсанда Алматы соты МАЭС-ның нысанды сүру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды, меншік иесінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Бүгін нысанды сүру жұмыстары Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!