Алматыда Республика күніне орай бірден төрт заманауи жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Солардың бірі – Медеу ауданында орналасқан, жобалық қуаты 2 мың орын болатын №220 жалпы білім беретін мектеп.
"Бұл жалпы білім беретін мектеп шағынаймақтағы орын тапшылығын толық жабады. Жалпы, 1 қыркүйектен бері қалада 12 жаңа мектеп ашылды. Республика күніне орай осы аптада тағы төрт білім беру мекемесі пайдалануға беріледі. Бесінші мектеп – қарашада, ал тағы сегізі – жыл аяғына дейін "сатып алу" тетігі арқылы іске қосылады", – деді Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Оның айтуынша, мегаполисте биылғы оқу жылында барлығы 24 мектеп ашылады, соның ішінде 21 мектеп "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.
"Бұл тарихи максимум. Бұған дейін бір оқу жылында мұншама жаңа мектеп пайдалануға берілмеген. Мұның барлығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған "Келешек мектептері" ұлттық жобасының арқасында жүзеге асты", – деді Азамат Қалдыбеков.
№220 мектеп заманауи үлгіде салынған, оның құрамында 83 оқу кабинеті, 4 спорт залы, сондай-ақ асхана, кітапхана, медициналық пункт, конференц-зал, спорт алаңы, теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары бар.
"Ғимарат қозғалысы шектеулі адамдар үшін толық бейімделген. Барлық кабинет интерактивті тақталар және оқу материалдарымен жабдықталған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары орнатылған", – деді мектеп директоры Манат Әшірбекова.
Айта кету керек, Республика күніне орай тағы үш мектеп ашылады.
Барлық жаңа мектеп заманауи жабдықтармен, кең сыныптармен, спорт және шығармашылық залдармен, сондай-ақ еңбек кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдары осы оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушыларды қабылдауға толық дайын болады.
Алматының дамуы аясында жергілікті бюджет есебінен 550 орындық тағы бір мектептің құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ Алатау ауданында 900 орындық "Абыро́й" жеке мектебін және Наурызбай ауданында 1 200 орындық жаңа жеке мектепті сатып алу жоспарланып отыр.
Алматы әкімдігі ұсынған материал