Алматыда Республика күніне орай мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті

Алматыда Республика күніне орай мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті
Фото: Massaget.kz | Нұрбол Ынтымақұлы

Бүгін, 25 қазанда Алматыдағы "Медеу" биік тау спорт кешенінде Республика күніне арналған мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау салтанатты рәсімі өтті. Бұл маңызды шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы мәслихатының депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сағат 11:00-де басталған рәсім ерекше патриоттық атмосферада өтуде. Тудың көкке көтерілген сәтінде барша қатысушылар елге деген мақтаныш сезімін бастан кешіп, Қазақстан Әнұранын бір кісідей орындады.

 

 

Рәсімге қала әкімі Ерболат Досаев қатысты.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, жастардың ел болашағындағы рөлін ерекше атап өтті. 

"Бұл мереке тек тәуелсіздігіміздің айғағы ғана емес, әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі патриоттық сезімнің дәлелі. Бүгінгі жастарымыздың бойында ұлттық мақтаныш бар, олар еліміздің жаңа биіктерге жетуіне зор үлес қосады", - деді Есенбеков.

Сонымен қатар қоғамдық "KOK BAIRAQ" ("KÖK BAYRAQ") Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығының басшысы Әуез Тұрлаханұлы да құттықтауын жеткізді.

"Бұл мереке біздің тарихымыз бен жетістіктерімізді еске алып, болашаққа сеніммен қарауға шабыттандырады. Рәміздерімізге құрмет көрсету арқылы біз еліміздің іргесін берік етеміз", - деді Тұрлаханұлы.

Рәсімде Қазақ ұлттық қыздар университетінің студенттері де өз пікірлерін білдірді.

"Бүгінгі күні көк тудың астында тұрып, Әнұранымызды барша халықпен бірге орындау біз үшін үлкен мақтаныш", - деді студенттердің бірі.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Суреттер: Massaget.kz | Нұрбол Ынтымақұлы

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Н. Ынтымақұлы