- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- алматы дрон
Алматыда Республика күніне орай анимациялық шоу ұйымдастырылды
850 дронның көмегімен Алматыда Республика күніне орай анимациялық шоу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
2024 жылғы 25 қазанда Алматыда Республика күнін мерекелеуге орайластырылған дрондар шоуы өтті. Қаланың мыңдаған тұрғыны мен қонағы ұмытылмас көріністі тамашалау үшін Абай алаңы мен Астана алаңына жиналды.
Абай алаңынан 500-ден астам дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, бірегей 3D визуалды бейнелер жасады. Инсталляциялар ұлттық мәдениеттің элементтерін және ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелеп, бірлік пен мақтаныш рухын ерекше бейнеледі. Жарық шоуы музыкалық шығармалармен сүйемелденді.
Қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстан картасын, аңызға айналған Алтын Адамды, ноталар мен домбыраны, көк байрағымызды, Алматының бірегей флорасының символы - қызғалдақты, күш пен бостандықты бейнелейтін керемет қар барысын және Алматы алмасы - апортты, қаланың көрнекті ғимараттары мен тауларын қызықтады.
Кейін 21:30-да Астана алаңынан аспанға тағы 350 дрон көтерілді. Көкте бостандық пен тәуелсіздіктің символы іспетті қалықтаған бүркіттің бейнесі, Қазақстан картасы, "КөкТөбе" телемұнарасы, аспалы жол және Алматының танымал көрікті жерлері, бейбітшілік пен отбасылық игіліктің символы - шаңырақ, қалаға және жалпы біздің елге деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде жүректер бейнеледі. Одан бөлек, "25 қазан - Республика күні құтты болсын!" деген құттықтау сөзі пайда болды.
Астана алаңындағы шоу шамамен 20 минутқа созылды және демеушілер есебінен ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі отшашудың орнына дрондарды пайдалану - мерекелеудің инновациялық тәсілі ғана емес, сонымен қатар технологиялық даму мен экологиялық бастамаларға деген ұмтылыстың символы болғанын атап өтті. Бұл шешім қоршаған ортаға әсерді азайта отырып, бірегей визуалды эффектілерді жасауға мүмкіндік берді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек