Алматыда ірі есірткі зертханасы жойылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есірткі зертханасы Әуезов ауданының жеке секторында орналасқан. Кеше кешке криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шара жүргізді.
"Нәтижесінде, қылмыстық іс-әрекетті ұйымдастырған 36 жастағы ер адам ұсталды. Атап айтқанда, жылыжай қызметін атқарған үйден 270 түп қарасора, 3 бөшке иісі бар сұйықтық, 3 қап тыңайтқыш, 17 қышқыл ерітіндісі, тамақ таразысы, 23 жарықтандыру шамы және т.б. зертханалық құрал-жабдықтар табылды. "Технолог" қылмыстық әрекетін мойындады. Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Исаевтың айтуынша, заттай айғақтар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды.
Сонымен қатар есірткіні өндіруге қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды, сондай-ақ сусынды тарату арнасын анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!