Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "қара риэлторлардың" ҰҚТ қатысты ісі бойынша сот процесі басталды. Барлығы 22 адам күдікке ілінді, олардың арасында Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының бұрынғы дәрігерлері, нотариустар, риэлторлар және такси жүргізушілері бар. Қылмыстық ұйымдасқан топ мүлкі бар психикалық ауытқулары бар жалғызбасты адамдарды тауып, оларды ұрлап, тұтқында ұстап, пәтерін заңсыз рәсімдеп, сатып отырған. Ал алаяқтардың екі құрбаны тіпті қасақана өлтірілген болуы мүмкін. Жантүршігерлік оқиғаны егжей-тегжейлі Massaget.kz тілшісі тарқатады.
Оларға туыстары мен мұрагерлері жоқ психикалық денсаулығы нашар адамдардың жылжымайтын мүлкін нотариус көмегімен жалған құжаттар арқылы пәтерлерді заңсыз рәсімдеп, кейінірек сатты деген айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 36 эпизод тіркелген.
Алғашқы эпизодта 44 жастағы такси жүргізушісі Р. мен 57 жастағы нотариус Г.-ның ісі қаралды. Айыптау қорытындысы бойынша, такси жүргізушісі Р. 2020 жылы Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде қожайыны - 1934 жылы туған қарт кісінің - қайтыс болған пәтері барын, мүлік иесінің мұрагерлері табылмағанын біледі. Содан кейін ол нотариус Г.-ге осы пәтермен айналысуды ұсынады. Сөйтіп нотариус Г. марқұмның атынан 2011 жылға пәтерге жалған өсиет жасайды, ал олардың үшінші танысы, мұраны қабылдау туралы өтініш жазады. Осылайша, пәтер толық "жалған" мұрагердің игілігіне өтеді. Осыдан кейін такси жүргізушісі Р. сенімхат арқылы пәтерге сатып алу-сату шартына қол қойып, мүлікті 18 миллионға сатады. Қаражатты топ мүшелері өз араларында бөліп алған. Кейінірек марқұмның туыстары бар екені анықталған, олар қазір іс бойынша жәбірленуші деп танылған.
"Менің қызым шетелде оқиды. Сондықтан ол атасымен байланысқа шығуды біршама уақытқа тоқтатқан болатын. Қайын атама күтім жасайтын көмекші бізге оның қайтыс болғаны туралы хабарлауы қажет еді, оның қолында біздің байланыс нөмірлеріміз бар, бірақ ол хабарласпады. Олар өздері қайын атамды ақтық сапарға шығарып салған, ал пәтерде бір жылға жуық оның ұлы тұрған. Мен қайын атамның жағдайын білу үшін онымен байланысқа шығуға тырыстым, осылай оның қайтыс болғанын білдім. Сонымен қайын атам қайтыс болғаннан кейін, менің қызым оның мүлігіне мұрагер болуы керек. Біз бұл туралы 2 жылдан кейін ғана біліп тұрмыз, ал бұл уақытқа дейін оның екі бөлмелі пәтері сатылып кеткен. Мен бір жыл бойы құжат жинадым. Содан кейін сотқа жүгіндім, біздің ісіміз осымен 3-жыл жалғасып жатыр. Тергеу барысында бұл іс бойынша көптеген пәтер осылай жалған құжатпен сатылғаны, ал бұл ҰҚТ іс-әрекеті екені белгілі болды. Менің қайын атамның психикалық денсаулық орталығына мүлде қатысы жоқ", - деді Татьяна Фирстова.
Жауап алу барысында нотариус Г. істің мән-жайын толық айтып берді.
"Мен марқұм Александр Фирстовтың өсиеті бар-жоғын тексердім, ол алғашында пәтерге өсиет қалдырған, бірақ кейінірек көзі тірісінде өсиеттің күшін жойған. Оның заң бойынша мұрагерлері болмағандықтан, екі жыл бойы мұрагерлікке ешкім жүгінбегендіктен, мен жалған құжат дайындап, пәтерді рәсімдеуге кірістім. Содан кейін пәтер сатылды. Пәтердің жағдайы өте нашар болды, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу керек еді, коммуналдық қызметтер бойынша қарыздар болды, салықтар төленбеген. Осылайша, пәтердің құны шамамен 12 миллион теңге болды", - деді нотариус Г.
Іс материалдарына сәйкес, 2017 жылы наурызда сот қылмыстық істің ұйымдастырушысы деп санаған зейнеткер И. ПДО-да есепте тұрған "параноидты шизофрения" диагнозы қойылған Е.-ның пәтері барын анықтайды. Сөйтіп ол сыбайластары Т. және такси жүргізушісі А., сондай-ақ К.-мен бірге әйелді қаланың психикалық денсаулық орталығынан алып кетеді. Олар әйелге сыбайлас Т.-ны оның әпкесі ретінде таныстырады. Сол жылы сәуірде зейнеткер И., оның сыбайластыры Т. және такси жүргізушісі А., сондай-ақ К.-мен бірге әйелді нотариус З.-ға жеткізеді. Өз кезегінде нотариус әйелдің атынан сыбайлас Т.-ға сенімхат жасайды, осылайша ол психикалық денсаулығы нашар әйелдің мүлкін сатуға мүмкіндік алады.
Сенімхат жасалғаннан кейін күдіктілер әйелді "тергеумен анықталмаған жерге" жеткізіп, сонда ұстаған. Мамырда сыбайлас Т. нотариус берген жалған сенімхат негізінде пәтерді 9 миллион теңгеге сатады. Қаражатты зейнеткер И., сыбайластары Т. және такси жүргізушісі А. өзара бөліп алған.
"Параноидты шизофрения" диагнозы қойылған Е.-нің пәтері бар екенін зейнеткер И. сыбайласы К.-дан білген. Ал К. ПДО-да медбике болып жұмыс істеген, ол бүгінде қайтыс болған. Зейнеткер И.-дің айтуынша, ол медбике К. мен нотариус З.-ны таныстырғанымен, заңсыз әрекеттер туралы білмеген. Тіпті нотариусқа барған кезде де сыртта тұрған. Такси жүргізушісі А.-да жауап алу барысында тек өзінің жұмысын істегенін жеткізді.
"Кейінірек медбике К.-нің өтініші бойынша, біз такси жүргізушісі А.-мен бірге әйелді Есік ауданындағы интернатқа апардық. Әйел зейнетақы алатын болғандықтан, интернат қызметкерлері зейнетақыны оның жүріп-тұруына жұмсады. К.-ға бауыр циррозы диагнозы қойылып, ол ауруханада жатқандықтан, мен оларға өз нөмірімді қалдырдым. Содан кейін К. қайтыс болды, мен әйелдің жағдайын білу үшін интернатқа мезгіл-мезгіл қоңырау шалып тұрдым, ал 2020 жылы интернат жабылды", - деді И. сотта.
Күдікті И. қылмысқа қатысушыларды танығанымен, өзінің қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты.
Жәбірленушілердің бірінің адвокаты Мара Аронова қорғаушысына тиесілі пәтердің қалай алаяқтардың қолына түскенін айтып берді.
"Л. есімді мүлік иесі ауруға шалдығып, 2015 жылы қайтыс болған. Ол көз тірісінде Ресей Федерациясы Ленинград облысында тұратын бауырына пәтерді өзіне қалдыратынын айтып, тіпті құжаттарды беріп жіберген. Л. қайтыс болғаннан кейін, мүлікке көршілері бас-көз болған. Ал бауыры онкологиялық ауруға шалдыққандықтан, мұраны қабылдауға Қазақстанға келе алмаған. Осылай пәтер 5 жыл бойы бос тұрған. Оның бос екенін білген үшінші тұлғалар, оны иемденуге бел буған. Пәтер бойынша жалған құжат толтырып, қайтыс болған адамның атынан нотариустан өсиет қалдырған", - деді ол.
Адвокаттың айтуынша, алаяқтар мүлкі бар қарт адамдар туралы деректерді құзырлы органдардан алады.
Менің тәжірибеме сүйенсек, мұндай деректер полиция органдарынан, Денсаулық сақтау органдарынан, психикалық денсаулық орталығынан, риэлторлардан, әлеуметтік қызметкерлерден алынады. Сонымен қатар бұл қатарда әкімдік қызметкерлері де бар, өйткені жалғызбасты адамдарға сыйлықтар, азық-түлік тасымалданады және бұл мәліметтер бүкіл қала бойынша жүреді", - деді ол.
"Қылмыстық іс көптеген бап бойынша қаралып жатыр. Қазіргі кезде іс материалдарын зерттеу тәртібі басталды. Тараптардан жауап алып жатырмыз. Бүгін "алаяқтық" және "адам ұрлау" дерегі қаралып жатыр", - деді Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Мырзалы Нұрасқан.
Сот процесі әлі жалғасады. Жалпы сот процесі 36 эпизодтан тұрады, қазіргі уақытта оның тек алғашқы бірнешесі қаралды. Іс бойынша екі эпизод "адам өлтіру" дерегімен байланысты. Massaget.kz редакциясы процесті бақылайды.
Айта кетейік, алаяқтық дерегіне қатысты жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында мүлкі тәркіленіп, 1000 АЕК айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Ал "адам ұрлау" дерегіне қатысты жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабында 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!