Алматыда нөмірсіз көлікпен жүрген жүргізуші полициядан қашпақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түнде жоғары жылдамдықпен жүріп, полицияның талабына бағынбаған 19 жастағы жүргізуші ұсталған. Оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында Бостандық ауданында болған.
Боран-421 экипажы мемлекеттік нөмірі жоқ Toyota көлігін байқаған. Жүргізуші полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбай, жылдамдықты керісінше арттырып, адам көп жүретін көшелермен қашуға тырысқан.
"Патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, Ходжанов көшесінде жолын бөгеген. Рөлде Алматы қаласының 19 жастағы тұрғыны болған. Ол көлік басқарудан шеттетіліп, көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Жүргізуші бірнеше құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!