Алматыда полиция подполковнигін соққыға жықты деген күдікпен бес ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, оқиға 9 қазанда, түнгі сағат 00:30 шамасында "Панорама" мейрамханасының жанында болған.
Белгісіз ер адамдар Алматы қаласы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға уәкілі, полиция подполковнигі Р.Өтегеновті соққыға жыққан. Ол "жабық бас сүйек - ми жарақаты, мидың шайқалуы" диагнозымен №12 орталық қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, оның денесінен көптеген гематома мен сынық та анықталған.
Алматы Полиция департаменті полицейдің соққыға жығылғаны туралы ақпаратты растады.
"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен ("Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен жасалған бұзақылық") тіркелді. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес ер адам ұсталды. Олар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасады", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!