- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда полиция қызметкері...
Алматыда полиция қызметкері шетелдік әйелді итеріп құлатты: куәгер оқиға қалай болғанын айтты
Алматы тұрғыны полиция қызметкері итеріп құлатқан шетелдік әйелмен болған оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға Алматыдағы Сәтбаев пен Достық көшелерінің қиылысына жақын жерде орналасқан барлардың бірінің маңында болған.
Оқиғаның куәгері - журналист әрі продюсер Ғазиза Райымбек. Ол оқиғаны видеоға түсіріп алған.
"Мен таксиге жүгірдім, көлік келіп қалды. Мен Сәтбаев көшесінің бойында бірнеше қыз полиция көлігін қоршап алғанын көрдім. Не болып жатқанын түсіну үшін тоқтадым. Полиция көлігінде бір қыз отыр екен. Ал қыздар көлікке отыруға және көліктегі қызбен бірге баруға тырысқан сияқты. Қыздар полиция қызметкерінен: Не болды? Не болып қалды? деп сұрады, полиция қызметкері еш нәрсе айта алмады. Шамасы полиция қызметкері тіл білмеген болуы мүмкін. Содан кейін ол шығып қыздарды итеріп жіберіп, түк болмағандай кетіп бара жатты. Басқа полицейлер жүгіріп келіп мән-жайды анықтай бастады", - дейді Ғазиза Райымбек.
Оның айтуынша, қыздар қытайлықтарға онша ұқсамайды, таиландтық немесе филиппиндіктер болуы мүмкін.
"Шетелдік қыз оңбай құлады. Дыбыс шықты. Полиция қызметкері бар күшімен қызды итеріп жіберді, ал ол ұшып құлады. Әрине, бұл жағдай менің ашуыма тиді. Біздің әйелдерге ер адамдар қол көтереді, бұл қалыпты жағдай болып кеткен. Полиция қызметкері әйелге қол көтереді. Оның орнында басқа әйел болуы мүмкін еді, әйелдер ұлтқа бөлінбейді. Осыған ашуландым. Қыз зардап шекпеді, бәрі жақсы екенін айтты. Олар адвокат талап етті. Адвокатқа рұқсат берді ме, білмеймін. Қыз мас болса да бұл оны итеріп құлату керек деген сөз емес", - деп түйіндеді Ғазиза Райымбек.
Бұған дейін Алматыда полиция қызметкерінің қызметтік көліктің есігін ашпақ болған шетелдікті итеріп жіберген видеосы тараған еді. Оқиға сәті әлеуметтік желілерде тарап, қолданушылар арасында қызу пікірталас тудырған еді.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша қызметтік тексеру басталды.
"Департамент басшылығы дөрекілік танытқан полиция қызметкерінің әрекетіне ұстанымға сәйкес баға бередіі", - деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек