Алматыда полиция бастығы “аудиожазба тарап кетуіне“ байланысты қызметінен шеттетілді

Алматыда аудандық полиция басқармасының бастығы интернетте аудиожазба тарағаннан кейін қызметінен шеттетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Telegram арналарда полиция бастығының қол астындағы қызметкерімен әңгімесі делінетін жазба тарады. Әңгіме тақырыбы түсініксіз, бірақ бейәдеп сөздер естіледі.

"Сен менімен сөз таластырмақсың ба? П...й н...й бұл жерден. Түсіндің бе н...й? Кеше ғана келген бала. Өз ісіңе жауап бер! (...) Өз жұмысыңды істе!" – деген дауыстар естіледі жазбада.

"Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы, суға салса батпайтын полковник Данияр Меңдебаев қол астындағыларын осылай балағаттайды. Қаңтар оқиғасына дейін Алматы облысы ПД бастығы генерал Күдебаевтың орынбасары болған. Қаңтардан кейін қайтадан құқық қорғау органдарында қызметке оралған" – деп жазылған жазба сипаттамасында.

Алматы Полиция департаменті бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеріс кезінде басшы қызметінен уақытша шеттетілді. Егер тәртіпбұзушылық расталса, қатаң шаралар қабылданады," – деді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!