Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалына жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке оқу орнын бұған дейін де басқарған Алмаз Күнғожин келді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлының өкілеттігі аяқталған. Кадрлық өзгеріс оқушылардың жаппай улану оқиғасынан кейін жасалып отыр.
Жаңа директор туралы не белгілі?
Алмаз Күнғожин – РФММ түлегі, математика мамандығы бойынша PhD доктор. Ол 2018–2023 жылдары мектептің Алматы филиалын басқарған.
Әр жылдары РФММ-де мұғалім, оқушыларды математикалық олимпиадаларға дайындайтын жаттықтырушы және мамандандырылған әрі эксперименттік бағдарламалар жөніндегі директор орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылғы қыркүйектен бері «РФММ» КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеп келген.
Алматыдағы РФММ-де не болған еді?
14 қазанда мектептің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Жалпы 58 балаға медициналық көмек қажет болды.
Оқиғадан кейін мектепте бірқатар шара қабылданды:
- 14–16 қазан аралығында сабақ онлайн форматқа ауыстырылды;
- интернат пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды;
- ғимаратта санитариялық тексеру жүргізіліп, зертханалық зерттеуге сынамалар алынды;
- полиция жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
- 22 қазанда ауруханаға түскен барлық оқушы үйіне шығарылды.
Кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мектеп асханасынан заңбұзушылықтарды анықтады. Соның нәтижесінде мектеп-интернат асханасының жұмысы 60 күнге тоқтатылған болатын.
О. Сансызбай