- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда несие мен...
Алматыда несие мен арзан пәтер алып беремін деп адамдарды алдаған алаяқ әйел ұсталды
Алматы тұрғындарын кепілсіз несие және мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беремін деп алдаған Солтүстік Қазақстан облысының 55 жастағы тумасы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әккі алаяққа 25-тен аса адам алданған.
"Азаматша А. 2019 жылдан бері тұрғындарға екінші деңгейлі банктерден ақшалай несие алуға, төмен пайызбен көлік алуға, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесемін деп жалған уәде берген.
Салым сомасы қызметіне байланысты өзгеріп отырған. Көлік сатып алушыдан 1,1 миллион теңге, пәтер сатып алу үшін 3,5 миллион теңге алған. Тергеу барысында 25 эпизод белгілі болды. Қылмыстық істер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеліп жатыр", - деді Бостандық аудандық полиция бөлімінің бастығы Думан Аухадиев.
Әйел 2006 жылы осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сегіз жыл сотталып шыққан, жазасын өтеп шыққаннан кейін де алаяқтық әрекет жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Г. Досымшалова