- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда нәрестені құтқарып...
Алматыда нәрестені құтқарып қалған Нұржан Шатунов полиция майоры шенін алды
Алматыда жаңа туған нәрестені құтқарып қалған полицей Нұржан Шатунов полиция майоры шенін алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен полиция капитаны Нұржан Шатунов өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, баланы құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, ерлігі мен жанқиярлығы үшін майор атағын алды", - делінген хабарламада.
Ал лейтенант Ғазиз Хамасқалиев үш жалақы мөлшерінде сыйақы алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, кеше түнде қаланың Түрксіб ауданында жаңа туған нәрестені құтқаруға арналған арнайы іс-шара өткен.
"Бізге түнгі сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағандығы туралы қоңырау келіп түсті. Ол қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін мен оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма "бала қайда" деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиға орын алғанға дейін оның сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол дем алып жатты.
Осы кезде тергеу-жедел тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Біз дәретхананың еденінен тақталарды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төмен түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды. Сол кезде нәресте жылады. Бәріміз мазасыз күйде едік, уайымдадық. Баланы тез арада дәрігерлерге тапсырдық", - деген еді Нұржан Шатунов сол кезде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш