Алматыда нан бағасы бекітілді: бір бөлке нан қанша теңге тұрады?

Алматыда әлеуметтік нан бағасы бекітілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нан бағасы қанша?

Қала әкімдігі мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "АЛМАТЫНАН" нан комбинаты әлеуметтік нан өндіру жөнінде келісім жасаған:

  • Осылайша 3,8 миллион бөлкеден аса нан өндіріледі;
  • Өндірушінің сату бағасы 130 теңге болып белгіленді;
  • Сауда үстемесі 15 пайыздан аспайды;
  • Кейбір дүкенде нан үстемақысыз сатылады.

Тұрақты баға 2027 жылғы мамырға дейін сақталады. Әлеуметтік нанды ірі сауда желілері мен шағын дүкендерден сатып алуға болады.

Тағы қандай өнімдердің бағасы бекітілді?

Сондай-ақ, Алматыда өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Құс фабрикасының бірі бірінші санаттағы жұмыртқаны бір данасын 59 теңгеден аспайтын бағамен сауда желілеріне жеткізеді.

Тауық етіне де тұрақты баға белгіленген. Тауықтың сан еті мен жіліктелген санның келісі 1100 теңгеден, ал сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр. Тұрақты баға үш жылға дейін сақталады.

Бұдан бөлек, "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 4500 тонна қант сатып алды. Өндіруші бір келісін 405 теңге деп белгілеген, ал сауда үстемесі 10 пайыздан аспайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!