Алматыда мотоцикл жүргізушісі екі жол жұмысшысын қағып өлтірді

9 сәуірге қараған түні Алматыда қайғылы жол апаты болды. Салдарынан екі жол жұмысшысы қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция департаменті мәліметінше, жол апаты түнгі сағат 01:30 шамасында Алатау ауданында болған. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды.

"Мотоцикл жүргізушісі Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, бір бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Қозғалысын жалғастырған мотоцикл жүргізушісі жол бойында тұрған үш жол жұмысшысын, екі ер адам мен бір әйелді қағып кеткен", - деді полиция.

Екі ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, ал әйел түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Екі адамның өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз