- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда мопедист жаяу...
Алматыда мопедист жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалаған
Алматыда мопед жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға 20 маусымда кешке Төле би-Қожамқұлов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Зардап шеккен 27 жастағы Марат Ахметовтың (автордың өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді - еск.) айтуынша, ол жақын маңдағы үйде тұратындықтан күнде осы жерден жолдан өтеді.
"Кешкі сағат 20:30 шамасында әдеттегідей үйге қайтып келе жатқанмын. Төле бидің бойымен жолды кесіп өттім: алдымен сол жағыма қарап, жолдың оң жақ бөлігін өттім, сосын жолдың ортасына жетіп, кейін сол жақтағы көліктердің тоқтағанын күттім. Алдымнан бір көлік өтті, жолдан өте бергенімде көлік болмаған, кенет бір жерден мопед шығып, мені қағып кетті. Одан кейін нақты не болғаны есімде жоқ, бірақ баспен төмен құладым, бүкіл денеммен құладым. Салмағым - шамамен 90 келі. Бұл айтарлықтай ауыр соққы болды", - деді ол.
Айта кетейік, соқтығысқан сәт көліктердің бірінің бейнетіркегіш камерасына түсіп қалған. Көлік жүргізушісі оқиғаның кадрын бөлісті.
"Мен орнымнан тұрып, жол жиегіне шықтым. Қателесуім мүмкін, бірақ мопедист жанымда болып, көмектескен сияқты. Содан кейін бір әйел жедел жәрдем шақырып, жасымды сұрады. Дәрігерлер бір минуттан кейін келді. Тағы 1,5 минуттан кейін полиция келді. Тәртіп сақшылары мені кім қаққанын сұрай бастағанда, куәгерлер қашып кеткен мопед жүргізушілері екенін айтты", - деді алматылық.
Зардап шеккен ер адам жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер ер адамды тексерді: олар рентген және УДЗ жасады, сонымен қатар, жалпы қан анализін алды. Нәтижесінде Ахметовтың денесі ауыр жарақатсыз көгергені анықталды. Кейін дәрігерлер оған ауырсынуды басатын дәрі ішуге кеңес беріп, үйіне баруға рұқсат берген. Алайда келесі күні Алматы тұрғыны соқтығыс салдарынан өзін жайсыз сезінгенін айтты. Ол өз қаражатына медициналық тексеруден өткен.
"Таңертең оянғанда бүкіл денем ауырды. Менде мұндай жағдай бұрын болмаған. Сосын басымды көтергенде, оның қатты ауырғанын сезіндім. Бұл күні бойы жалғасады, кейде мазалайды.
Мопед жүргізушілерге қатысты ереже жоғы қынжылтады. Олар не қаласа, соны істейді, ойына келгенді істейді. Мен соқтығыс салдарынан жарақат алдым, ал ертең басқа қиын жағдай болса ше? Ондай жағдайды күту керек пе? Осыны алдын ала ойластырып, оның алдын алу жолдарын қарастыруға бола ма" - деп сұрады Марат Ахметов.
Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін қалалық полиция департаментіне жүгінді. Бөлім қызметкерлері тәртіп бұзушыны іздеуге кіріскенін, жақын арада жауапқа тартылатынын айтты.
"Оқиға дерегін Алмалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері назарға алды. Оқиға орнынан қашып кеткен мопед жүргізушісін іздеуге жергілікті полиция қызметінің жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Олар бейнебақылау жүйесін және басқа да жаңа технологияларды пайдалана отырып кінәліні анықтайды. Ол міндетті түрде заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады", - деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек