Алматыда 114 мопед жүргізушісіне бір тәулікте 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жаз басталуына байланысты мопед пен электросамокат тізгіндегендер саны артты және соның салдарынан жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі де көбейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мобильді көліктер салдарынан болған жол-көлік оқиғаларының саны 4 есеге артқан. Балама көлік түрлерін пайдаланатын адамдардың ҚР жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мәселен, алдын алу іс-шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер, мопед жүргізушілері жасаған ҚР жол қозғалысы ережелерін бұзудың 114 дерегін анықтады. Құқықбұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 698 мың 364 теңге болды", - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Оның айтуынша, биыл алты айда Алматыда мопедтер мен электросамокаттарға байланысты 77 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 81 адам жарақат алып, біреуі қаза болған. Самокат пен скутер тізгіндеген балалар жасаған 21 жол апаты тіркеліп, оның салдарынан 23 бала жарақат алған.