Сәуірдің басынан бері Алматыда 2600-ден аса мопед жүргізушісі жол ережесін бұзған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
5 сәуірден бастап мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген болатын. Ал өткен айдан бері Алматыда мопед жүргізушілері жасаған 2600-ден аса жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. 800-ден аса мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылған.
Алматы ПД мәліметінше, жергілікті полиция қызметінің күшейтілген патрульдік полиция жасақтары қала көшелерінде тіркеусіз, сақтандырусыз және жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізу деректерін күн сайын тіркеп жатыр.
"Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген сәттен бастап оң динамикаға куә болдық: құжаттарын рәсімдеп, тіркеп жатқан азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен заңды елемейтіндер әлі де бар. Азаматтарды мотокөліктерін дер кезінде заңдастыруға шақырамыз. Бұл тек заң талабы емес, сонымен қатар, жеке қауіпсіздік мәселесі. Тіркеу жалғасып жатыр", - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Еске салайық, бұған дейін мопед тізгіндегендерге қатысты заң күшейгені хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова