Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Alemcredit.com интернет ресурсы арқылы "криптовалюта түрінде микрокредит береміз" деген желеумен жасалған алаяқтық дерегін тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу дерегіне сәйкес қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен жарияланған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, жеке дерегін ұсыну және электрон құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда осы рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.
Сондай-ақ, мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.
"Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған. Интернет ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған. Тінту барысында жаппай SMS хабарлама таратуға қолданылған SIM бокстар, көп мөлшерде SIM карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ҚМА өкілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!