Алматыда сыртқы электр желісіндегі ақауға байланысты метрополитен пойыздарының қозғалысы тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде видеолар тарады.
Метрополитен өкілдерінің айтуынша, қазір станциялардағы жарық пен желдету жүйесі резервтегі қуат көздері есебінен жұмыс істеп тұр.
"Электр пойыздарының қозғалысы сыртқы электрмен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілгенше тоқтатылады", - деді баспасөз қызметі өкілі.
Жолаушылар станциялар мен пойыздардан эвакуацияланып жатқаны нақтыланды.
Еске салайық, 14 тамызда сағат 15:00 шамасында Алматы қаласы мен Алматы облысында электр қуаты өше бастады. Қаланың түрлі ауданының тұрғындары жарық жоқ екенін хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша KEGOC компаниясына тиесілі кернеуі 500 кВ болатын әуе электр желілерінде апат болған. Алдын ала мәлімет бойынша апат салдарынан жалпы қуаты 300 МВт болатын жүктеме ажыратылған.
Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында жарық сөнген. Ал Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында жарық сөнгені ресми түрде расталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!